• RUB:
    5.49
  • USD:
    477.14
  • EUR:
    521.28
Басты сайтқа өту
Аймақтар 05 Қыркүйек, 2018

 «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» кесенесіне келушілер көп

3759 рет
көрсетілді

Жақында ғашықтар мен ақындардың, абыздар мен аңыздардың елі – Аягөз ауданына жұмыс сапарымен барған болатынбыз.

Тоғыз жолдың торабындағы 90 мың­ға жуық халқы бар Аягөз ауданын­дағы жұмыс сапарымыз ақиық ақын Мұқағали Мақатаев:

Жол түсіп, ұрпақ,

 Таңсыққа барсаң тегінде,

Бір соқпай кетпе күмбезге

сонау көрінген.

Қазақтың осынау қасқайып

тұрған төрінде,

Бабаларыңның махаббаттары көмілген,

– деп жырлаған, шамамен Х-ХІ ғасыр­ларда бой көтерген әйгілі сәулет ес­керткіші «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» кесе­несіне тәу етуден басталды.

Түрленген Тарлаулы

Биыл «Қазреставрация» мекемесі Тарлаулы ауылының іргесінде орын тепкен, «Қазақстанның киелі жерлері» тізіміне енген қастерлі мекеннің сыртын толық қоршап, әрлеу жұмыстарын жүргізіпті. Реті келгенде айта кетейік, 2000 жылы «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырының 1500 жылдығына орай махаббат мазарына реставрация жасалып, 2011 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында нысанға туристерді тарту, халыққа насихаттау мақсатында 475 миллион теңге қаржы бөлініп, Тарлаулы ауылынан кесенеге дейінгі 11 шақырым жол асфальтталып, жаңа көпір салынған-ды. «Кесенеге тәу етіп келетін туристер қатары аз емес.

Таңсық стансасына дейін пойызбен де келуге болады. Бірақ жұрттың көбі мұны біле бермейді. Ал Аягөзден Таңсыққа дейінгі жол туристерге қиындау болып тұр. Осы мәселе шешілсе, туристер саны көбейе түсетіні анық. Екінші бір мәселе, мазар басында шырақшы жоқ. Демеушілер көмегімен кесене басына шырақшы үйін салсақ деген ойымыз бар. Қазір мазарға жарық тарту жұмыстарын қолға алып жатырмыз. Ауылымыздың тумасы Қасиетбек қажы трансформатор, ал Нұрланбек Тоқтабаев деген азамат кабель алып берді», – дейді Тарлаулы ауылының әкімі Нұрбек Қабдыкешов.

Махаббат мазарының дәл іргесіндегі Тарлаулы ауылында бүгінде 1610 адам тұратын болса, елді мекендегі мектепте 240 бала оқиды екен. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында былтыр 435 миллион теңгеге ауылға таза ауыз су келіп, 9 көшенің бар 7-уіне жа­рық тартылып, қалған екі көшені жарық­тандыру жұмыстары басталып кетіпті. Елді мекендегі амбулаторияға 16 миллион теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 2017 жылы мектептің шатыры жаңаланып, қос мекемеге де жаңа автокөлік беріліпті. Мемлекет тарапынан көрсетілген осындай көмектерден бөлек ауыл азаматтары да қолдан келгенше туған мекендерінің көркейіп-көгеруіне атсалысып жатқанын да аңғардық. Тарлаулы мектебін әр жылдары бітірген түлектердің бірі ауылға спорттық тренажер әперіп, хоккей корты мен футбол, баскетбол алаңын салып берсе, енді бірі қос аққу мүсіні қойылған гүлзар мен «Мәңгілік ел» монументінің шағын көшірмесін сыйға тартыпты.

Осы ауылдың тумасы, бүгінде Алматыда тұратын Тоқтархан Қожағапанов 2003 жылы ауылдағы бұзылған Мәдениет үйін 15 миллион теңгеге жөндеп, мемлекетке өткізіпті. 2007 жылы халықтың сұрауымен мешіт салып беріпті. Тарлау­лының тағы бір жаны жомарт азаматы Сейітбек Ешмұрат жыл сайын бір сиыр, бір жылқы мен үш қойды зекет ретінде елге таратып отырады екен. Осы ауылдың тумасы, аудандық мәс­лихаттың депутаты Нұрланбек Тоқ­табаев ауылдағы тұрмысы төмен азаматтарға жыл сайын 10 тонна көмір түсіріп, «ЗИЛ» көлігімен қарды күреуге көмектесіп тұратын көрінеді.

Туған жерін түлеткен азаматтар

Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды тапсырып, кәсіпкерлерді туған жерлерін ұмытпауға, қамқорлық жа­сау­ға шақырғаны белгілі. Мемлекет бас­шысының осы сөзі көптеген азамат­тардың көкірегіне сәуле құйып, кіндік кес­кен мекендеріне деген сағынышын еселеп, елімізде туған жерлеріне жақсылық жасау, қамқорлық көрсету акциясы бас­талып кеткен еді. Аягөз ауданында да бүгінде бұл бағытта ауқымды жұмыстар қолға алыныпты. Аудан әкімі Бақытжан Баяхметов Аягөздің кәсіпкер, Атымтай жомарт азаматтары соңғы үш жылда туған мекендерін көркейту үшін 300 миллион теңгеге жуық қаражат салғанын айтады.

«Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Сыртқы істер министрі, қоғам қайраткері Төлеутай Сүлейменов ағамыздың бір өзі аудан игілігіне 200 миллион теңгедей қаржысын салды. 69 миллион теңгеге керемет бокс кешенін салып берді. Өзі оқыған мектебіне компьютер сыныбын сыйға тартты. Былтыр 15 миллион теңгеге «Стрит Воркаут» жаттығу кешенін орнатты. Ағамыз өзі салдырған спорт кешенінде жыл сайын жасөспірімдер арасында бокстан турнир өткізіп тұрады. Турнирдің шығындарын да өзі көтеріп алады. Ауданымызда осындай кең жүректі азаматтар аз емес», − дейді ол.

Аягөздің осындай жаны жомарт азаматтарының бірі, Парламент Сенаты­ның депутаты Нұржан Нұрсипатов Шұбартау өңіріндегі Қосағашқа өз қаржысына тойхана салып беріп, «өз­деріңіз пайдаланыңыздар, түскен қар­жыны жөндеуіне, күтіп-ұстауына жұм­саңыздар, артық ақша қалса мешітке са­лыңыздар» деп ауылдастарына басыбайлы сыйға тартыпты.

Былтыр облысымызда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Менің мектебім» атты акция қолға алынып, тек кәсіпкерлер мен демеушілер қаржысына өңірдегі 277 толықкомплектілі мектеп­тің 476 кабинетін химия, физика, био­логия және роботты техника сынып­тарымен Назарбаев зияткерлік мектеп­терінің тәжірибесі негізінде заманауи құрал-жабдықтармен жабдықтау жос­парланған-ды. Аягөз ауданының кәсіп­керлері сол кезде акцияға үлес қосу мақ­сатында 29 миллион теңге аударып­ты. Міне, осы акцияның арқасында 1 қыр­күйек – Білім күнінде Аягөз мектеп­терінде 35 жаңа кабинет (оның 19-ы робот­ты техника кабинеттері) ашылыпты. Осы сыныптарды жөндеуге аудан­дық бюджеттен 35 миллион теңге қаржы бөлініпті.

Мектеп демекші, жуықта Өскеменде өткен облыстық Тамыз кеңесінде Аягөз қаласындағы №5 орта мектеп өңірдегі жылдың үздік білім беру мекемесі атанып, 22 миллион теңгенің сертификатын иеленген болатын. Бүгінде ауданда білім ордаларының материалдық-техникалық базасын нығайтуға ерекше көңіл бөлініп жатыр. Аудан мектептеріндегі 1992 жылдан бері жұмыс істеп тұрған 461 компьютер есептен шығарылып, толық жаңаланыпты. Соңғы екі жылда 46 мектеп интерактивті тақтамен қамтамасыз етіліпті. Биыл аудан мектептерін бітірген түлектердің 88 проценті Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, сынақ тапсырғандардың 90 проценті жоғары оқу орындарына түсіпті.

Қазір ауданда әртүрлі мемлекеттік бағдарламалар арқылы бөлінген қомақты қаражатқа жарықтандыру, абаттандыру, ауыз сумен қамту жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп жатқан көрінеді. Жарықтандыруға келсек, қазіргі уақытта Аягөздің үлкен елді мекендері түгелге дерлік жарықтандырылып, шағын елді мекендерге жарық орнату жұмыстары басталыпты. Бұл көрсеткіш Аягөз қаласының өзінде 72 процентке жетіпті. «Халықты ауыз сумен қамту деңгейі ауданда 2015 жылы 32 процент болса, биыл 53 процентке жуықтады. Өткен жылы Тарлаулы, Қарағаш және Мамырсу ауылдары мен су құбырлары мен жүйелері құрылысының 4-ші кезеңі аясында Аягөз қаласының бірнеше көшесіне ауыз су тартылды.

Биыл Кеңқолат елді мекенінің 185 тұрғынының қолы таза ауыз суға жетті. Қазір аудандағы шағын елді мекендерді сумен қамту жұмыстары қолға алынып, Дөненбай мен ескі Майлинде су құбырларын тарту жұмыстары басталып, Қопа, Өркен, Мыңбұлақ ауылдарына жоба жасалып жатыр. Сонымен қатар бұрынғы аудан – Шұбартау өңірінің Байқошқар мен Малгелді ауылдарын да сумен қамту үшін жоба әзірленді. Тағы бір жағымды жаңалық, аудандағы барлық Мәдениет үйлері толық жөндеуден өтті. Биылдың өзінде үш ауылдағы Мәдениет үйі жаңа келбетке ие болды», − дейді Аягөз ау­дандық мәслихатының хатшысы Сейіл­бек Ысқақов.

Абаттанған Аягөз

Бүгінде ауданның ауылдарын дамы­туға ғана емес, аудан орталығы – Аягөз қа­ласын көркейтуге, халыққа қажетті әлеуметтік нысандарды салуға да ерекше көңіл бөлініп жатқанын аңғаруға болады. Шағын шаһардағы қарапайым жұртшылыққа керек нысанның бірі – жақында ашылған Инсульт орталығы. Тек Аягөз ғана емес, көршілес Үржар, Тар­бағатай, Жарма аудандарының халқына қызмет көрсететін орталық тұр­ғындарды қабылдай бастапты. Бұрын төрт ауданның тұрғындары компью­терлік томографқа түсу үшін Семей мен Өскеменге салпақтайтын болса, енді бұл құрылғының көмегіне Аягөздің өзінде-ақ жүгінетін болады.

Аягөз қаласында соңғы жылдары құрылыс қарқын алған. 29 жасқа дейінгі жастарға арналып 2 жатақхана салынып, пайдалануға беріліпті. Қала ішіндегі игерілмей бос жатқан жер учаскелері анықталып, өтініш жазған кісілерге таратылыпты. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша қаланың Ет комбинаты шағын ауданындағы 200-300-дей жер учаскесіне электр және сумен қамту жобасын жасау жұмыстары басталыпты. Қаладағы ескірген асфальт жолдарының барлығы жаңартылып жатыр екен. Мектептерге баратын жолдар да асфальтталыпты. Екі мектепке жаяу жүргіншілер жолы салыныпты. Биыл Аягөздегі 7 көшенің 3-уі асфальтталыпты, қалған 4-уі мердігерлерге байланысты кешеуілдеп жатқан көрінеді. Биыл Аягөз көшелеріне қаланы абаттандыру мақсатында 73 100 дана гүл егіліпті.

Ерекше атап өтерлігі, егілген гүлдердің 60 проценті жергілікті жылыжайларда өсірілген екен. Бұған дейін Аягөз көшелеріне көрік берген гүлдер еліміздің өзге қалаларынан сатып алыныпты. Сондай-ақ шаһардағы 1980-інші жылдан бері тазаланбаған кәріз жүйелері Ресейден әкелінген арнайы құ­рылғының көмегімен тазартылыпты.

«Биыл еліміздің өзге өңірлері секілді біздің Аягөз ауданының құрылғанына да 90 жыл толады. Алайда атаулы датаны елді дүрліктірмей, ат шаптырып, балуан күрестірмей-ақ, тағылымды шара­лармен атап өтсек пе деген ойымыз бар. Жас ақындардың айтысын ұйым­дас­тырып, ғылыми-тәжірибелік конферен­ция өткізсек дейміз. Аягөзден шыққан өнер адамдары туған жерге тағзым жа­сап, концерт қойып берсек деген ұсы­ныс­тарын айтты. Биылғы көктемгі тас­қын кезінде Аягөздің аза­­мат­­тарынан бөлек еліміздің өзге өңір­лері­нің тұр­ғындары жұдырықтай жұмы­­ла көмектесті. Сондықтан 90 жыл­дық аясында біз елден шыққан азамат­тар­­дың басын қосып, оларға алғыс айт­қы­мыз келеді», – дейді Бақытжан Баях­метов.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы,

Аягөз ауданы